10 жасар алматылық ең үздік балалар монетасы дизайнының авторы атанды

None
АЛМАТЫ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық банкі Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған монетаның ең үздік дизайнына арналған байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттады.

Онда "Балалар монетасы" аталымы бойынша 1-ші орынды Алматы қаласының 10 жасар тұрғыны Әдем Хасенова, 2-3 орынды оралдық Аминат Серікова, өскемендік Мира Жанахметова жеңіп алды. Ал "Халық монетасы" аталымында алғашқы орынды байқау комиссиясы ешкімге бермеді. Одан кейінгі орындарды алматылық Қанат Кенжин мен шортандылық Сабыржан Мақашев және алматылық Адина Жаминова мен Аслан Жаңабаев өзара бөлісті. Сондай-ақ ҚР Ұлттық банкінің интернет ресурсындағы онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша Мәди Әбілмансұров "Көрермен көзайымы" жүлдесін иеленді. Жеңімпазға Ұлттық банк төрағасы Гргорий Марченко 500 мың теңгенің банктік чегін табыс етті. Екінші жүлдегерлер монетадағы бейнесінде көзіне гауһар орнатылған "Барыс" ескерткіш монетасын иеленді. Ал 3-ші жүлдегерлер мен "Көрермен көзайымы" жүлдесінің жеңімпазы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ескерткіш күміс монеталар мен "Қазақстан. Сұлулыққа іңкәрлік" фотоальбомына ие болды.