2012 жылға дейін ауылдық жерлерде байланыстың CDMA технологиясын енгізу үшін 52 базалық стансы салынады
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауылдық жерлердегі байланыс қызметін одан әрі жетілдіре түсу үшін алдағы уақытта бірқатар шаралар атқарылады. Бүгінгі күні байланысқа ұжымдық қолжетімділік пункттері барлық өңірлерде қамтылған. Бірақ, бұл сұранысты қанағаттандырмайтыны айқын. Сондықтан да, қазіргі таңда 450 МГц диапазоны бойынша желілер бөлдік. Осының аясында CDMA технологиясы бойынша сымсыз байланыстар жүзеге асатын болады. Бүгінгі күні қолданысқа енгізілген аталған желінің сыйымдылығына 195 мың 462 абонент қосылған. 2012 жылға дейін бұндай технологиямен Қазақстанның 14 обылысындағы ауылдық жерлерде 52 базалық стансы орнатылатын болады. Бұның жалпы сыйымдылығы шамамен 900 мыңға жуықтайды», деді Қ.Есекеев.
Оның айтуына қарағанда, CDMA технологиясы ауылдық жерлерде телефон желілерін сандық жүйеге көшіруге мүмкіндік береді әрі сол бойынша ауылда да Интернет желісіне кеңінен қолжетімділік қамтамасыз етіледі.