2014 жылдан бастап Қазақстанда қолданылып жүрген құрылыс нормалары мен ережелері қолданыстан шығарылады - Ө. Шөкеев

None
АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2014 жылдан бастап қазақстанда қазіргі таңда қолданылып жүрген құрылыс нормалары мен ережелері қолданыстан шығарылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев айтты.

«Біз келесі жылдан бастап құрылыс саласының техникалық реттеу жүйесіне өте терең реформа жасайтын боламыз. 2011 жылдан бастап Қазақстанның жағдайларына бейімделген Еуропалық кодтар енгізілетін болады. Сонда барлық құрылысшылар баламалы түрде еуропалық кодтарды пайдаланатын болады. Егер де оған дайын болмаса, ескі құрылыс нормалары мен ережелерін пайдалануға болады. Бірақ жылдан- жылға еуропалық кодтарды бейімдей отырып, 2014 жылда қазіргі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерін түгелдей қолданыстан шығаратын боламыз», деді Ө. Шөкеев.

Оның сөзіне қарағанда, 2010-2014 жылдарға арналған құрылыс индустриясы саласын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту бағдарламасынпрогрессивті азаматтар қолдайды, ал ескі жүйеге үйреніп қалғандары оған қырын қарайды. Сондықтан Үкімет тарапынан, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі тарапынан бұл бағдарламаны өмірге енгізуге үлкен күш қажет болады.

Ө. Шөкеев Қазақстанда қолданылып жүрген құрылыс нормалары мен ережелері ескі жүйеден қалыптасқан, олар құрылыс саласына келіп жатқан новациялар мен жаңа технологияларды енгізу үшін үлкен тежеу болып отырғанны атап өтті.