2025 жылы Франция әлемдегі ең көп турист қабылдаған ел атанды

Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Франция 102 миллион шетелдік турист қабылдап, әлемдегі ең көп баратын ел ретіндегі орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Kazinform

Франция Экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы елге 100 миллион турист келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 102 миллионға жеткен.

Туризмнен түскен табыс та тарихи максимумға жетіп, 77,5 млрд еуро болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға көп, деп жазады Travel And Tour World.

Франция үкіметі 2030 жылға қарай туризмнен түсетін табысты 100 млрд еуроға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Францияға ең көп турист жіберген елдер — Германия мен Бельгия (әрқайсысынан 14,6 млн адам). Одан кейін Ұлыбритания (13,1 млн) және Швейцария (9 млн) тұр.

Сондай-ақ америкалық (+17%) және жапониялық туристер санының айтарлықтай өскені тіркелді.

Туристер саны бойынша көшбасшы болғанымен, табыс көлемі жағынан Франция көршілес Испаниядан қалып отыр. 2025 жылы Испания 97 млн қонаққа қызмет көрсетіп, 105 млрд еуро табыс тапқан.

Екі ел арасындағы табыс айырмашылығы туристердің болу ұзақтығымен түсіндіріледі.

Францияға келетін көптеген шетелдік турист елде қысқа мерзімге ғана аялдап, оны Оңтүстік Еуропаның басқа елдеріне — мысалы, Италия, Испания немесе Грекияға барар жолдағы транзиттік бағыт ретінде пайдаланады.

Ал Испания туристерді ұзақ мерзімге тартуға бейім, бұл бір туристке шаққандағы шығын көлемінің жоғары болуына әсер етеді.

Айта кетелік Норвегия астанасы Осло Ұлыбританиядағы ең ірі круиздік компаниялардың бірі Iglu Cruise нұсқасы бойынша әлемнің ең жасыл қалалары рейтингінде бірінші орынға шыққан еді