2026 жылы банктер Қаржы министрлігінің құнды қағаздарынан түскен кірістен салық төлей бастайды

Коллаж: Kazinform/Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – 2031 жылы Қаржы министрлігі шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздарға беріліп отырған салық жеңілдіктері түгел жойылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта айтты.

- 2026 жылдан бастап Қаржы министрлігінің МБҚ бойынша кірісінің 50%-ына салық салу және 2031 жылдан бастап жеңілдікті толық алып тастау енгізіледі. Бұл фискалдық шара банктердің МБҚ-ға қызығушылығын төмендетуге, ал босаған қаражатты бизнеске кредиттеуге бағыттауға мүмкіндік береді, - деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ, ол 2026 жылы Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен банктердің кірісіне табыс салығының сараланған мөлшерлемелерін енгізілетінін еске салды.

- Бизнесті кредиттеуден түсетін кіріске 20%, тұтынушылық кредит пен қызмет түрлерінен түсетін табысқа 25% мөлшерлеме белгіленіп отыр, -- деп жазады Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік. 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді.