58 мыңнан астам адам «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына қатысушылар қатарына енгізілді
17:53, 28 Желтоқсан 2011
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - 58 мыңнан астам адам «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына қатысушылар қатарына енгізілді. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
Оның айтуынша, 6 айдың ішінде өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтарына аталған бағдарламаға қатысу үшін 84 мыңнан астам адам өтініш білдірген.
«Жергілікті атқарушы органдардың ресми деректері бойынша ағымдағы жылдың 26 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес қаралған өтініштер негізінде 58 мыңнан астам адам бағдарламаға қатысушылардың қатарына енгізілді», - деді министр.
Г. Әбдіқалықованың айтуынша, әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандардың 60 пайызға жуығын 29 жасқа дейінгі азаматтар құрап отыр. Өз біліктіліктеріне сәйкес бос жұмыс орындарына 6, 2 мың адам орналастырылды.