7 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 7 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық лайықты еңбек әрекеттері күні
2008 жылдан бастап Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бастамасымен және Халықаралық еңбек ұйымының белсенді қолдауымен жыл сайын атап өтіледі. Бұл күннің басты міндеті – әлемдегі барлық кәсіподақтарды лайықты еңбекті қорғау үшін бір күнде жұмылдыру. Жыл сайын 7 қазанда бүкіл әлем бойынша лайықты еңбек құқығын қолдауға бағытталған көптеген шаралар өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1946 жылы Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан - Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның авторы - М.Төлебаев, либреттосын Қ.Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымдағы Біржан бейнесін Ә.Үмбетбаев сомдаса, Сараны К.Байсейітова ойнады. «Біржан - Сара» - көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне XIX ғасырда өмір сүрген ақын, әнші-композитор Біржан сал мен Сара ақынның айтысы алынған. Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Көкшетау қаласы және облысының орыс тіліндегі «Кокчетавская область» атауын «Кокшетауская область», ал «Кокчетав» атауын «Кокшетау» деп қолдану туралы Қаулы қабылдады. Көкшетау қаласы Көкшетау қыратының теріскейінде, Қопа көлінің жағасында орналасқан, бүгінде Қазақстан Республикасы Ақмола облысының әкімшілік орталығы.
1993 жылы Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды.
1997 жылы ҚР Үкіметінің №1419 Қаулысымен арнайы теле-, радиохабар тарату субъектісі ретінде «Қазтелерадио» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды, оның негізгі міндеті ретінде «телерадиобағдарламаларды және басқа телерадиохабарларды тарату» белгіленді.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді.
1999 жылы Берлин көшелерінің біріне қазақтың ұлы ақыны Абай есімі берілді.
2005 жылы Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің мұражай-кабинеті ашылды. Мұнда Л.Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н.Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды.
2009 жылы Астанада Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы елшілігі ашылды.
2011 жылы Монако князьдігінде ханзада Альбер-ІІ, Премьер-Министр Мишель Роже, сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жозе Бадиа мен өзге де министрлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды.
2013 жылы Кишиневте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVII отырысында «ҚазАқпарат» ХАА «ТМД-ға 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Награда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.
2014 жылы «Global e-Government Forum 2014» Халықаралық форумының аясында БҰҰ нұсқасы бойынша электрондық үкіметті дамытуда үлкен жетістіктерге жеткен елдерді марапаттау өтті. Қазақстан «Теңізге жолы жоқ дамушы елдер» аталымы бойынша жеңімпаз аталды.
2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық «Болашақ» стипендиясының алғашқы Тіл мектебі құрылды. Осы мектептің негізгі серіктесі Британдық кеңес болып табылады. Мектеп жұмысы ағылшын тілін оқытудың «6+6»жаңа форматын ұсынады, онда алғашқы 6 айда «Болашақтың» квоталық стипендиаттары ағылшын тілін Қазақстанда, қалған 6 айда шетелде оқиды.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындарды біріктіретін «Qyzyljar» атты арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл – Қазақстан мен Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінде ашылып отырған алғашқы және жалғыз арнайы экономикалық аймақ. Нәтижесінде, азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жиһаз, электроника мен машина жасау өндірісі бір жерде болады.
2021 жылы Қырғызстан Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндерінің ашылуы болды. Бағдарламаның алғашқы шарасы Бішкектегі «Манас» кинотеатрының залында өткен Қазақстан киносының күндерімен басталды.
2021 жылы Қазақстанда бірінші инклюзивті интернет-радио – DeFacto FM іске қосылды.
2021 жылы Қырғызстанда «Абай үйі» мәдени-іскерлік орталығының ашылуы өтті, оның негізгі ұстанымы шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарын бір желіге біріктіру, ұлттың мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, Қазақстанмен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту. Шетелдік қазақтарды, сондай-ақ шетелге қазақстандық бизнесті ілгерілету, тарихи отанына көшуге ниет білдірген қандастарымызды елге қайтаруға дайындау.
2021 жылы Қазпошта Қазақ радиосының 100 жылдығына орай жаңа пошта маркасын таныстырды. «Есте қаларлық және мерейтойлық даталар» сериясынан 26х18 мм өлшемді пошта маркасы 2 миллион дана таралыммен шығарылды. Марканың номиналы – 100 теңге.
2023 жылы SPORT+ жаңа қазақстандық спорт арнасы көрсетіле бастады. Қазақстандық көрермендер Неймар, Криштиану Роналду және Карим Бензема сынды футбол жұлдыздарының өнерін тамашалай алатын АФК Чемпиондар лигасын көрсету құқығы сатып алынды. Сонымен қатар, жаңа қазақстандық телеарнаның көрермендері Англия, Италия, Германия және Португалия кубоктарының, сондай-ақ Голландия чемпионатының матчтарын тамашалай алады. Сондай-ақ, жекпе-жек әуесқойлары үшін хабарлардың кең ауқымы ұсынылады. Беделді One FC және PFL MMA лигаларының турнирлерін көрсету туралы келісімдер жасалды.
2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында ресейлік табиғи газды «Орталық Азия – Орталық» газ құбыры арқылы Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдауды бастау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Мемлекет басшысымен бірге Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
2024 жылы Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты басталды. Онда 26 елден 200-ден астам спортшы бақ сынады. Спорттық шара BEELINE ARENA Ұлттық теннис орталығында өтті.
2024 жылы қазақстандық ғалым Бақыт Смайылов қайта өңделген өнеркәсіп қалдықтарын пайдалану арқылы топырақ құнарлығы мен егін өнімділігін арттыратын тыңайтқыш ойлап тапты. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚО университетінің PhD докторы, ғылыми қызметкер Бақыт Смайылов жетекшілік ететін жоба егін өнімділігін арттырып, топырақ жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
2024 жылы Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Түрікменстан астанасының тұрғындары мен қонақтары қазақ киносы, музыкасы, халық дәстүрімен танысты.