98 мыңнан астам қазақстандық жылжымалы кешендерде медициналық тексеруден өтті

None
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы маңызды бағыттардың бірі көлік медициналық дамыту болып табылады.

 Бұл бағыттағы жұмыстар  ауылдық елді мекендердегі шұғыл медициналық көмекті, сондай-ақ төтенше оқиғалар мен жол-көлік оқиғалары кезіндегі медициналық көмекті жетілдіру үшін жүргізілуде, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз. Мобилді медициналық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет. Оларды шығару Қазақстанда жүзеге асырылуға тиіс. Үкіметке 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін кемінде 16 тікұшақ ұйымдастыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», - деп мәлім етті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қаламыз!» атты Жолдауында. 

Ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл тұрғындарының  медициналық көмекке деген қолжетімділігін қамтамасыз ету үлкен маңызға ие. Сондықтан да Қазақстандағы мобилді медицинаны дамыту ауыл тұрғындарының мамандандырылған медициналық көмек пен скринингілік зерттеулерге қолжетімділігін арттыруға, көрсетілетін медициналық қызметтердің жеделдігін арттыруға бағытталып отыр.

«Ел бойынша азаматтар денсаулық сақтау қызметімен бірдей қамтылуы керек, оның ішінде мобилді медицинаның: тікұшақтың, автокөліктің, теміржолдың есебінен де», - деп атап көрсетті бұған дейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.

ҚР Үкіметі Елбасының Жолдауымен міндеттелген көлік медицинасын дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруда. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының тікұшақтары 2011 жылдың 11 айында шұғыл медициналық көмек көрсету үшін еліміздің түрлі өңірлеріне 300 рет ұшқан.

Ауыл-аймақ тұрғындары  үшін медициналық көмекті қолжетімді етудің  іс-шаралары қолға алынды. Атап айтсақ, Қазақстанда 3 емдеу-диагностикалық пойыз іске қосылды, пойыздар 110 стансаның халқына 260 мың емдеу-диагностикалық қызмет көрсетіп, 52 мыңнан астам адам, соның ішінде 15 мың бала медициналық қаралудан өтті.

Зардап шеккендердің өмірін сақтап қалатын құрылғымен жабдықталған 6 реанимобиль сатып алынды, республикалық маңызы бар апатты жолдарда трассалық медиициналық-құтқару пункттер ашылуға дайын.

Аймақтарға жылжымалы мобилді кешендер сатып алынып, орнатылды. Жылжымалы мобилді кешендер арқылы 98 324 мың адам медициналық қараудан өтіп, 115 мыңға жуық зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізілді, білікті мамандар 86 мың консультация өткізді.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында мобилді медицина қызметімен елімізде жыл сайын 1,5-2 млн. адам қаралудан өтетін болады. Бұл шара халықтың орташа өмір жасын ұзартуға, аурулар мен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуде және алыс ауылдардың тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмекке деген қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді.