А. Дауылбаев аумақтық прокурорларға Мәжіліс депутаттарының сайлауы барысында заңнамалардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

None
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау барысында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қолданып жатыр.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жұмыс шеңберінде ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының төрағалығымен бейнеконференциялық байланыс тәртібінде аумақтық прокурорлармен жиналыс өткізілді.

Жиналыста аумақтық прокурорларға сайлау процесіне барлық қатысушылар заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауын қамтамасыз етуді, азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу фактілерінің тезарада жолын кесуді тапсырды.

Кеңес барысында бірқатар облыс прокурорлары аймақтағы жағдай және сайлау кампаниясы барысында қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып отырған шаралар туралы баяндады.

Өз кезегінде, Бас прокуратура депутаттыққа кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы штабтары заң талаптарын және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға бағытталған барлық шараларды қолданатынына сенімін білдіреді.