Абай облысында алаяқтар жаңа әдіске көшті
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында алаяқтар халыққа табысы жоғары жұмыс ұсыну арқылы алдауға көшті.
Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
— Интернет-алаяқтар танымал платформаларда және әлеуметтік желілерде жүктемесі аз, бірақ табысы жоғары жұмысқа орналасу туралы хабарландырулар жариялайды. Қызыққан адам жауап бергеннен кейін, оларға жалған сайттарға сілтемелер, жеке деректерді жинауға арналған сауалнамалар жіберіледі. Зиянды бағдарламаны «жұмыс істеуге арналған мобильді қосымша» деген желеумен орнатуды ұсынады. Бұл алаяқтарға телефондағы банктік деректерді, мессенджерлерді басқаруға мүмкіндік береді, — делінген ақпаратта.
Сондықтан полицейлер халыққа қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін бірқатар кеңес ұсынды.
— Құжаттарды жібермес немесе қосымшаларды жүктемес бұрын жұмыс берушінің заңдылығын және сайттың мекенжайын тексеріңіз. Қосымшаларды тек Google Play, App Store ресми дүкендерінен орнатыңыз. Ресми шарт жасасқанға дейін жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелері мен деректерін және банк карталарын ұсынбаңыз. Кез келген күмән туындаған кезде дереу полицияға хабарласыңыз, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да алаяқтарға сеніп қалған кәсіпкер 22 млн теңгесінен айырылғаны хабарланған.