Адам құқығын бұзуға жол берілмейді - тренинг

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы Алматы қонақүйінде арнайы келген ЮНЕСКО өкілдері Көлік прокуратурасы мен Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД қызметкерлері үшін адам құқықтарының бұзылмауы жөнінде отырыс-тренинг өткізді, деп хабарлайды Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД баспасөз қызметі.

Тренингтің басты мақсаты, қазіргі қоғамда адамдар өз құқықтарын жете білмеудің салдарынан түрлі ұйымдардың бұғауына түсіп қалып зәбір көретіндігі, немесе, отбасының әл-ауқатының, материалдық жағдайының шектен тыс төмен болуының кесірінен жан бағу амалдарын қарастырып, жалдамалы жұмыс іздейміз деп, белгісіз медігерлерге жалданып, арандатушылыққа ұрынуының алдын-алу болып табылады.

Отырысқа арнайы келген психолог маман адам жан-тәнінің тәрбиесі мен мықты рухтың алмайтын қамалы болмайтыны туралы лекция оқып, шешілуі қиын мәселенің әйтеуір бір амалы болатынын түсіндіріп өтті. Ол үшін адамдар саналы қоғамға бет бұрып, күйгелектікке салынбай, өзін-өзі жетілдіру барысында көп жұмыстар атқаруы тиістігі әңгіме болды.

Бүгінгідей ақпарат желісі жылдам дамыған өркениетті елдерде тіршілік етудің өзі қиындап бара жатқаны жасырын емес. Кім де болса, жақсы өмір сүргісі келеді. Арнайы жоғары білімі болмаса, жұмысқа тұру да қиын. Оған қосымша неше жылдан бері істеп келе жатқан жұмыс орынының жабылуы немесе қысқартуға түсуі адам жүйкесіне оңай әсер етпейді.

Банктерден алған несие мен пәтер жалдап тұрушылық, тұрмыстың дұрыс болмауы адам баласын ақша табудың жолына итермелейді. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмаған жас қыздар жеңіл жолмен ақша тапқысы келіп, жезөкшелікке бой алдырады. Кейбіреулері мұндай қадамға саналы түрде барса, екіншілерін алдау арқылы алып келеді. Соңғы санаттағылар әрине қожайынның бақылауында болып, төлқұжаттарынан түгел айырылады да, бас билігінен арылып, құлдыққа түседі. Еркінен тыс мәжбүрлікке барып, зорлық пен зомбылықтың құрбаны болады.

Қалыпты өмірден ауытқыған мұндай жандардың болашағы бұлыңғыр, ешқандай да жоспары жоқ болып келеді. Осындай орталардан азат етілген бойжеткендерде өмірге деген қөзқарасы өзгеріп, өздерін ешкімге керексіз сезінеді де келесі өмірін нашақорлыққа тәуелділікпен немесе басқа да лас істермен айналысып кетеді. Мұның себебі неде? Бұл - қазіргі қоғамды алаңдатып отырған мәселе.

Қазір еліміздің барлық аймақтарында сенім телефондары жұмыс жасайды. Әр азамат құлдықта жүрген жанды байқап қалса немесе зорлықтың құрбаны болып, біреудің бодауында жүрген адамдарға көмектескісі келсе, өз аты-жөнін атамай-ақ, сенім телефондарына қоңырау шалып әңгімелесуге болады.

Жоғарыда айтылған факторларды басынан өткізген адамдарға арнайы бейімдеу орталықтары жұмыс жасайды. Ол жерде адамға моральдық қолдау көрсетіп, уақытша тұратын жай беріледі. Мамандыққа баулып, өмірге әлі де құштар екендігін түсіндіріп, қалыпты жағдайына оралтады.

Әрбір мемлекет өз адамдарын елдің басты байлығы деп бағалайды. Сондықтан да оларға білім алуға, медициналық ем қабылдауға, жұмыс істеуге, зейнетке шығуға, жеке шаруаларымен айналысуға еркіндік берілген. Ешбір мемлекет өз азаматтарының жеке өміріне қол сұғылуына жол бермейді, егер адам құқығы бұзылса, онда белгіленген тәртіппен жазаланады.

Араласатын ортасы шектеулі жандардың да қосымша мәліметтер алмаған соң санасы тұйықталып кететіндігі жасырын емес. Адам неғұрлым көпшіл болып, өз ісіне сараптама жасауда үйренсе, өз құқықтарының тапталмайтынына сенімі де жоғары болатынын атап өтті, жантанушы маман.

Тренинг соңында психолог өзінің ой пікірлерімен бөлісіп, ақыл-кеңестер берді.