Ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсу қарқыны 7,5 пайызды құрайды

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсу қарқыны 7,5 пайызды құрайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«2010 жылғы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсу қарқыны алдын ала болжанған 3,3 пайыздан 7,5 пайызға дейін өседі деп күтіліп отыр», деді министр.

Оның пайымынша, оң үрдіске тау-кен өнеркәсібіндегі болжанған өсім 4,4 пайыздан 5,1 пайызға артуы әсер еткен. «Себебі ағымдағы жылы металл кендері мен тау-кен өнеркәсібінің басқа да салаларындағы өндіру көлемі біршама жоғары болады деп болжануда. Атап айтқанда, 2010 жылдың қаңтар-шілде айларындағы металл кенін өндіру 6,1, көмір 6, мұнай 5,9 және табиғи газ өндіру 5,1 пайызға өсті», деді ол өз сөзінде.

Министрдің айтуына қарағанда, өңдеу салаларындағы өсім болжам бойынша 2 пайыздан 11,9 пайызға дейін артады деп күтілуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айында азық-түлік өнімдерінің көлемі 14,8, химия өнеркәсібі 70,5, ал машина жасау өндірісі 55, 7 пайызға өсім көрсеткен.