АХҚО Қазақстан ішіндегі офшорға айналмайды – Орталық жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров «АХҚО Қазақстан ішіндегі офшорлық аймаққа айналып жатыр ма?» деген айыптауларға жауап берді.
– АХҚО-да Конституциялық сот бекіткен салық жеңілдіктері қарастырылған және олар 2016 жылдан 2066 жылға дейін 50 жылға қабылданған. Көптеген артықшылық қаржы лицензиясы бар қаржы компанияларына арналған. АХҚО-да тіркелген 4 500-ден астам компанияның шамамен 150-і жеңілдіктер алады, қалғандарының бәрі салық төлейді. Биылғы 9 айда 60 млрд теңгеден астам салық жиналды. АХҚО жұмыс істеген жылдары компаниялар жалпы 200 млрд теңгеден астам салық төлеген, - деді Р. Бектұров KGIR-2025 жаһандық инвестициялар бойынша дөңгелек үстел кулуарында.
Р. Бектұров АХҚО-дағы компаниялардың көпшілігі жаңадан ашылғанын және әлі дивиденд төлеу кезеңіне шықпағанын атап өтті.
Сонымен бірге барлық инвестор компания дивиденд төлеу кезінде салықтан босатылады, бұл кең тараған халықаралық тәжірибе.
– АХҚО тек қағаз жүзіндегі бос компаниялар пайда болатын орынға айналмауы үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің қағидатымыз: АХҚО-да тіркелген компания тек заңды тұлға мен мекенжай болмауы қажет. Онда қызметкерлер болуы керек, біз олардың инвестицияларын, мәмілелер көлемін көруіміз қажет. Біз де, халықаралық қоғам да осында офшорлық құрылымдар жасауға мүмкіндік бермейді. Қазір бүкіл әлемде офшорлармен күрес жүргізілуде. 2019 жылдан бері Ұлыбританияның салық органдары да бізді ұйымдасқан нарық ретінде таниды. Сондықтан халықаралық мойындау бар және біз АХҚО-ның салықтан жалтару үшін офшорға айналуына жол бермейміз, - деп толықтырды орталық басшысы.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АХҚО арқылы салық жалтармақ болған компания туралы айтқан еді.
Сондай-ақ Ренат Бектұров KGIR-2025 жаһандық инвестициялар дөңгелек үстелінде еліміздің тау-кен саласына қандай инвесторлар келіп жатқанын айтты.