Ақмола облысы мұражайлар қызметкерлері америкалық әріптестерінен тәлім алды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зерттеу жұмыстарын жүргізу және мұражай қызметкерлерімен семинар өткізу мақсатында елімізге іссапармен келген мәртебелі меймандар Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап кітапханасының конференц залында мұражай қызметін жетілдіруде озық тәжірибелерді қолдану жайын тілге тиек етті. Әңгіме барысында мұражай және оның міндеттері, ақпараттандыру мен жаңа жабдықтарды қолданысқа енгізу, интеграциялық жетістіктер мен қаржыландыру, заманауи әдістер мен технологиялар кеңінен сөз болды. Бұған дейін америкалық мұражай мамандары Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Сырымбет ауылындағы Шоқан өмірі мен қызметіне байланысты мекенде болды. Құрлықтың арғы бетіндегі елден келген меймандардың басты мақсаттары Алматыдағы Кастеев атындағы өнер мұражайымен бірлесіп, қазақстандық ұлы этнограф Шоқан Уәлихановқа арналған виртуальдық көрме өткізу үшін материалдар жинастыру болып табылады.