Ақмола облысында бірқатар мектептерде сабақ тағы да тоқтатылды

None
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Арқа төсіндегі сарышұнақ аяз тағы да сыр бере бастады. Бүгін таңертеңгілік Ақмола облысының бірқатар аймақтарында ауаның температурасы минус 30-33 градус аралығында тіркеліп, мектептердегі сабақ уақытша тоқатылған,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Басқарма бойынша қыс уақытында ұйымдастырылатын кезекшілік бөліміне түскен деректерге сәйкес, таңғы сағат 8-де ауаның температурасы Сандықтау ауданында минус 33, Бұланды мен Атбасарда минус 32, Ақкөл, Еңбекшілдер, Есіл, Қорғалжын, Шортандыда минус 30, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, аудандары мен Көкшетау қаласында минус 28 градус деңгейінде тіркелген. Соған сәйкес Ақкөл қаласының үш мектебінде 1-11 сынып, Атбасар, Еңбекшілдер, Қорғалжын, Сандықтау аудандарында 1-9 сынып, Аршалы, Астрахан, Бұланды, Егіндікөл, Есіл аудандарында 1-4 сынып оқушылары үшін сабақтарды өткізбеу жөнінде хабарланды. Басқа жеті аудан мен Көкшетау және Степнгорск қалаларында барлық мектептерде сабақтар жалғастырылуда.