Ақмола облысында заңсыз тоқтатылған қылмыстық істі тергеуді прокуратура өз бақылауына алды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Заңсыз тоқтатылған қылмыстық істі тергеуді прокуратура өз бақылауына алды.

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Келеңсіз жағдай Көкшетау қаласының орталығында орын алған. Бұл туралы 2015 жылдың 15 ақпанында Көкшетау қалалық ІІБ қызметкері А.Әбжановтан оқиға кезінде жарақат алғаны жөнінде рапорт түскен. Аталған оқиға сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген және ҚР 380-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалған. Тергеу барысында анықталғандай, жаяу патрульдік полиция қызметкері тыйым салынған жерге тоқтаған «Мерседес Бенц Е-350» көлігін ұстаған. Сол кезде көліктің жүргізушісімен сөйлесіп тұрған полиция қызметкеріне әлгі көліктің салонынан Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеулер қызметі басқармасының басшысы Аслан Әлімов жақындаған.

ІІД, ІІБ жедел басқару орталығының сыртқы бейнебақылау камерасының жазбасы мен полиция қызметкерлерінің түсініктемесі бойынша тыйым салынған жерде тоқтаған көлікке жақындаған тәртіп сақшыларымен дөрекі сөйлесуге кіріскен Әлімов Көкшетау қалалық ІІБ қызметкері Әбжановты бірін аяғынан жықан. Осының салдарынан құқық қорғау қызметкері жерге құлап, соттық-медициналық сараптама қорытындысына сай денсаулығына жеңіл-желпі зиян келген.

Сәуірдің 12-сі күні облыстық ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасымен ҚПК 35- бабы 1-бөлімі 2-бөлімшесі негізінде қылмыстық іс тоқтатылған болатын.

Ал сәуірдің 17-сі күні тоқтатылған қылмыстық іс тергеу органдары жүргізген іс материалы мен бейнебақылау камерасы жазбасының сәйкес келмейтіні ескеріліп, Ақмола облыстық прокуратурасымен кейін қайтарылды.

Осылайша, облыстық ІІД Тергеу басқармасымен өндіріске алынды. Прокуратура органдарымен қосымша тергеу амалдары жүргізу жөнінде нұсқау берілді. Әлімов күдікті ретінде танылып, кепілмен уақытша босатылды. Қылмыстық істің барысы облыстық прокуратураның бақылауына алынды.