АҚШ шекарасын кесіп өту жағдайлары күрт азайды

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Шекара-кеден қызметі шекараны кесіп өтудің ең төмен көрсеткіші тіркелгенін мәлім етті, деп хабарлайды Fox News.

Маусым айында шекараныс 25 228 рет кесіп өткен. Бұл агенттік тіркеген ең төменгі айлық көрсеткіш. Тек оңтүстік шекарада өткен айда 6072 адам ұсталды, ол наурызда тіркелген алдыңғы рекордтан 15% төмен. Сонымен қатар, 28 маусым күні тәуліктік ұстау көрсеткіші бойынша ең төменгі деңгей тіркелді – бар болғаны 136 жағдай.

«Заңсыз өту әрекеттерінің жолын кесуден бастап фентанилді тәркілеу мен миллиардтаған доллар көлеміндегі баж салығын енгізуге дейін – АҚШ-тың Кеден және шекара қызметі барлық бағыт бойынша нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Қазіргі әкімшілік кезінде біз елді ерекше табандылықпен қорғап жатырмыз және бұны біздің көрсеткіштеріміз де растап отыр», – деді АҚШ-тың Кеден және шекара қызметінің комиссары Родни Скотт сәрсенбі күні таратылған баспасөз хабарламасында.

Fox News-ің жазуынша, шекарадағы жағдай тынышталғанымен жаппай депортациялау аясында федералды және көші-қон билігіне қарсы наразылықтар мен тәртіпсіздіктер тыйылмай тұр.

Осыған дейін АҚШ-қа заңсыз барған мигранттар кепілдікпен босатылу мүмкіндігін пайдалана алмайтыны туралы жаздық.