Ақсу ферроқорытпа зауытында өрт сөндіріп жүрген құтқарушы ауруханаға түсті

АҚСУ. ҚазАқпарат - Ақсу ферроқорытпа зауытынан шыққан өрт кезінде жоғары температура әсерінен ғимараттың төбесі опырылып түсті. Өрт сөндіруші зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өрт сөндіруші ауруханаға жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады журналистерге Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Қызыл жалынның қанша аумақты шарпығаны өрт толық сөндірілгеннен кейін белгілі болады.

Қазір №15 белгіде аккумулятор бөлмесінде шамамен 50 шаршы метр алаңда жабдықтар мен сорғы майы жанып жатыр.

Еске сала кетейік, бүгін Ақсу ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехында пеш трансформаторы өртенгенін хабарлаған едік.

От 21 маусым күні сағат 16:00-де тұтанған.

«Өртті кәсіпорынның апаттық-құтқару қызметі мен Ақсу қалалық өрт сөндіру бөлімі оқшаулады. Зардап шеккендер жоқ. Павлодар облысы төтенше жағдайлар басқармасы штаб құрды. Тергеу басталды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр», - деді Ақсу ферроқорытпа зауытынан.