Ақтөбе облысында кен және катодты мыс өңдейтін кешен іске қосылды

None
АҚТӨБЕ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында ҮИИД бағдарламасы аясында «KazCopper» ЖШС кен және катодты мыс өңдейтін кешеннің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.

Облыс әкімі шараның қатысушыларын «KazCopper» ЖШС сияқты ірі инвестициялық жобаның пайдалануға берілуімен құттықтады.

Кен және катодты мыс өндіру кешенінің өнімі бірінші кезеңде жылына 7000 тоннаны құрайтын болады, ал екінші кезеңінде, атап айтқанда 2012-2014 жылдарда жылына 20 мың тоннаға дейін жетеді. Өндірілетін мыстың тазалығы 99, 9 пайызды құрайды.

Жобаның құны 5,6 млрд. теңге болып отыр. Қазіргі уақытта инвесторлар бұл жобаға 7 млрд. теңге сомасында қаражат құйды.

Өндірілетін катодты мыс өнімінен сым, шина, қақтамалар, құрылыс саласында қолданылатын құралдар мен басқа да заттар жасалады.

Архимед Мұхамбетов өзінің сөзінде облыстың атқарушы билік органдарымен Елбасының және Үкіметтің тапсырмасын орындауға қатысты барлық қажетті шаралар жасалып жатқандығын атап өтті.