Ақтөбеде күкіртті сутек исінен аллергия дерті ушықты
Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар биліктен шешімін сұрап, жиналыс өткізген болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай , зиянды қалдықтарды атмосфераға тастайтын 20-дан астам кәсіпорын анықталып, кейбірінің жұмысын тоқтату туралы ұсыныс жасалды. Қазіргі кезде дәрігерлер аллергияға шалдыққандардың күрт артқанын айтып, дабыл қағып отыр. Адамдар оқыстан жөтеліп, дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатыр.
«Күкіртті сутек атмосфераға тасталған күні жедел жәрдемге қоңырау шалғандар көп болды. Бұрын аллергиямен ауырмаған, мұндай дерті анықталмаған адамдар оқыстан жөтеліп, өздерін нашар сезінді. Қазіргі кезде Ақтөбеде күн ыстық, шақыртулар саны көбейді. Демалыс күндері 1 200-ден астам адам қоңырау шалып, көмек сұрады. Қан қысымының көтерілуі жиіледі. Салқындатқыштың кесірінен балалардың өкпесі қабынып жатыр»,- деді Ақтөбе қалалық жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары Дастан Неталиева.