Ақтөбенің Ойыл ауданында газ құю бекетіндегі цистерна жарылды

Фото: Видеодан алынған кадр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбенің Ойыл ауданы орталығында газ құю бекетіндегі цистернаға өртеніп, жарылды. Адамдар дін аман.

Ойыл ауданының орталығы Ойыл ауылында газ құю бекеті өртеніп жатыр.

- Бүгін сағат шамамен 20:20-да Ойыл ауылы Ы.Алтынсарин көшесі 4 А мекенжайында орналасқан автогаз құю бекетінен 50 метр қашықта орналасқан жерасты газ цистернасының жарылысы болды. 

Адам шығыны жоқ. Оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс жүргізіп, жалынды сөндірді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің мамандары тергеу жұмыстарын жүргізіп, себебін анықтайды.