Ақжайық ауданының сайлау учаскелері сайлаушыларды қабылдауға дайын - БҚО
09:46, 06 Қаңтар 2012
ОРАЛ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданындағы 50 сайлау учаскесі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының талаптарына сәйкес дауыс беретін сайлаушыларды қабылдауға дайын.
Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде алдағы сайлауға әзірлік қызу жүргізілуде. Мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлер заңға сәйкес сайлаушылармен кездесуде.
Сайлау күні сондай-ақ ауруханадағы, үйдегі науқас тұрғындарға өз еріктерін білдіруге жағдай туғызылады. 259 қыстақ тұрғындарының дауыс беруіне де мүмкіндік жасалмақшы.
Сайлауға дайындық мәселесі аудан әкімі Абай Иманғалиевтің бөлімдер жетекшілерімен өткізген кеңесінде тағы бір пысықталды. Аудан басшысы сайлау учаскелерінің жарықпен, автокөлікпен, байланыспен қамтылуы қапысыз болуы керектігін еске салды. Сайлаушылар тізімін нақтылап отыру да бақылауда.