Альянс банк қарызын қайта құрылымдауды аяқтады

None
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Альянс банк» АҚ-ның басшылары қарызды қайта құрылымдау жоспарында аталған барлық іс-шараларды іске асырып болғанын мәлімдеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Альянс банкі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Марат Қабашевтің айтуынша, банк акцияларының 67 пайызы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына, 33 пайызы кредиторларға бөлінді. Акциялардың 33 пайызы 2 мыңнан астам акционерлер арасында бөлінді, олардың әрбіреуінің акционерлік үлесі 3 пайыздан аспайды. Сондай-ақ қарыз мерзімі 7-20 жылға дейін ұзарды, мұндағы негізгі қарызды өтеу 4 жылдан кейін ғана басталады.

Қайта құрылымдау жоспарына сәйкес банктің барлық қаржылық міндеттемелері ақшаға, жаңа облигациялар мен акцияларына қайта құрылымдалды және жойылды. Қарызды қайта құрылымдау мен қосымша капиталдау нәтижесінде банк 547,9 миллиард теңгеге қосымша капиталданды. Ал оның реттеуші меншік капиталы пруденциалды талаптарға сай болып, 50 миллиард теңгеден асады. Қайта құрылымдаудан кейін қарыз мөлшері 677 миллиард теңгеден немесе 4,5 миллиард АҚШ долларынан (есептелінген пайыздарды қоса алғанда) 1 миллиард 80 миллионға дейін қысқарды. Оның 850 миллионы - еуробондтар бойынша бас қарыз, 85 миллионы - нақты саудалық қаржыландыру, 145 миллионы - субординатталған 20 жылдық облигациялар.