Әлемдік бокс қауымдастықтары арасындағы дау: Әлімханұлы мен Елеусіновтің жағдайы не болады

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік бокс қауымдастығында WBO және IBF ұйымдары мен жаңадан құрылған Zuffa Boxing промоушені арасындағы келіспеушілік ушығып барады, деп хабарлайды Vringe.com.

Бұл жағдай қазақстандық боксшылар — әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің мансабына әсер етуі мүмкін.

Zuffa Boxing — тарихтағы алғашқы жабық форматтағы бокс ұйымы, құрылымы жағынан UFC үлгісіне ұқсас: өз тізімі, өз рейтингі және жеке чемпиондық белбеулері бар. Ұйымды Дана Уайт басқарады, ал жобаны Сауд Арабиясы мен Турки әл аш-Шейх (Riyadh Season) қаржыландырады.

Бокстық ұйымдар жаңа жобаға наразы, себебі Zuffa Boxing олардың чемпиондық белбеулерін мойындамайды, ал бұл өз кезегінде WBO және IBF сияқты құрылымдарға қаржылық түсім әкелмейді. Өздерінің наразылығын олар «боксшылардың құқықтарын қорғау» және «Али заңының өзгерістеріне қарсы шығу» деп түсіндіреді.

Zuffa Boxing жобасы телесеріктестермен келісімге келіп үлгерді. Ал бұл уақытта дәстүрлі промоутерлер — Боб Арум мен Эл Хэймон жаңа келісімшарттар таба алмай отыр. Нарықтағы басқа бокс жобалары көбіне DAZN стримингіне тәуелді, ол да Riyadh Season қаржысымен жұмыс істейді.

BoxingScene хабарлауынша, WBO мен IBF Zuffa Boxing-ке қарсы ортақ күрес жүргізуге келіскен. Олар 2026 жылдың күзінде Орландо қаласында бірлескен конференция өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шарада ұйымдар жаңа ережелерді талқылап, «жергілікті титулдарды» тағайындамақ.

Ал WBA мен WBC бұл жиынға шақырылмаған, себебі аталған ұйымдар әлдеқашан Сауд Арабия тарапынан демеушілік көмек алып келеді.

IBF пен WBO өкілдері Zuffa Boxing енгізбек болған өзгерістерге «қарсы тұру және әшкерелеу» міндетін өз мойнына алмақ. Дегенмен неге бұл әрекет тек келесі жылы басталатыны әзірге белгісіз.

Қақтығыстың басты сұрағы — қазіргі чемпиондар мен боксшылардың мәртебесі. WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының, сондай-ақ Zuffa Boxing промоушенінен шақырту алған Данияр Елеусіновтің келесі жекпе-жектері белгісіз күйінде қалуы мүмкін.

Мамандардың пікірінше, егер Zuffa Boxing өз жүйесін толық іске қоссa, дәстүрлі ұйымдардың титулдары мен рейтингілерінің беделі төмендеп, көптеген спортшылар жаңа платформаға ауысуға мәжбүр болады.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының Эрисланди Ларамен чемпиондық жекпе-жегі ресми жарияланды.