Алматы облысында науқастар аурухана дәлізінде жатқан

Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында жүрек ауруы бар науқастар емхана дәлізінде жатқан.

Желідегі мәліметке сәйкес, оқиға Қарасай аудандық орталық ауруханасында болған. Бейнежазба авторы ота жасалған науқастардың дәлізде жатқанына шағым білдіреді.

Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы науқастар санының тым көп болуынан уақытша шаралар қабылдағанын, кейін барлығы палатаға орналастырылғанын хабарлады.

- Қарасай аудандық орталық ауруханасының басшылығы жүктеменің артуы кезеңінде пациенттерді орналастыру бойынша жедел шаралар қабылдады. Науқастар кейін шаруашылық есеп бөлімшесінің бос палаталарына ауыстырылды. Ем алу үшін барлық жағдайлар жасалған, пациенттер мен олардың туыстарынан шағым түскен жоқ, - деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі ауруханада науқастар дәлізде жатқанын жазғанбыз.