Алматы облысындағы жол апаты: қаза тапқан 5 жолаушы спорт ардагері болған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің вице-президенті Арсен Шақуов Алматы облысында 7 адамның өмірін қиған жол апатына байланысты жаңа деректермен бөлісті.
Оның айтуынша, жантүршігерлік жол апатында жан тапсырған 7 азаматтың бесеуі спортшы — Сурдлимпиада ардагерлері болған.
— Әкемнің жақын достары, Бішкек қаласында құлағында кемістігі бар ардагерлер арасындағы футбол турнирінен қайтып келе жатып, жол апатына ұшырады. Онда бірден 5 ардагер қаза тапты, — деді Арсен Шақуов.
Ол қаза тапқан спорт ардагерлерінің есімін жариялады:
• Асыл Ибрайымов — есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы футбол жаттықтырушысы.
• Дмитрий Мочальский — шахматтан Сурдлимпиада чемпионы, шахматтан есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Еуропа чемпионы.
• Сәкен Смағұлов — есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футбол ардагері, есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футболдан ұлттық құрама мүшесі.
• Сергей Волковинский — есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футбол ардагері, есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футболдан ұлттық құрама мүшесі.
• Серік Молдашев — есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футбол ардагері, есту қабілеті бұзылғандар арасындағы футболдан ұлттық құрама мүшесі.
Еске салайық, Алматы — Бішкек тасжолында көлік апатынан жеті адам қаза тапты. Полиция мәліметінше, Honda Odissei автокөлігінің жүргізушісі алда қозғалып бара жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соқтығысқан. Тәртіп сақшылары қазір бұл дерек бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.