Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына 6 мыңнан астам өтініш түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 25 қыркүйек күні «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау аяқталды. Өтінімдерді қабылдау 9 қыркүйекте ашылған болатын.
Барлығы budget.open-almaty.kz сайтына мегаполис тұрғындарынан 6118 жоба келіп түсті. Ұсыныстардың саны бойынша Наурызбай ауданы көш бастады. Тұрғындар 1370 жобаны қарауға жолдады. Екінші орында Жетісу ауданы – 1199 өтінім берілген.
Алматылықтар өтініш берген негізгі бағыт: қоғамдық орындарда орындықтарды, қоқыс жәшіктерін орнату, балалардың ойнауы мен ересектердің демалуына арналған орындарды жабдықтау және жөндеу болды.
Бағдарламаның келесі кезеңі – Алматы қаласының әр аудан әкімдігі жанынан құрылған сараптамалық кеңестердің өтініштерді қарауы. 8 қазанға дейін әрбір ұсыныс комиссияда қаралады.
Қандай жобалар қарауға қабылданбайды?
- құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізбей, тек ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттаманы) әзірлеуге арналған;
- фрагменттелген (болашақта қосымша элементтерді енгізуді талап ететін);
- Алматы қаласын дамыту бағдарламасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін;
- коммерциялық сипаттағы және т.б..
Қараудан кейін әрбір өтінім үш мәртебенің бірін алады: «Дауыс беруге жіберілді», «Пысықтау үшін қайтарылды» немесе «Қабылданбады». «Халық қатысатын бюджеттің» барлық ережелеріне сәйкес рәсімделген өтінімдер мақұлданады және дауыс беру кезеңіне жіберіледі.
Пысықтау үшін қайтарылған ұсыныстардың авторлары осы жылдың 9-14 қазан аралығында өз жобаларын түзетіп, өтінімдерді қайта қарауға жіберу мүмкіндігіне ие болады. Дауыс беруге жіберілген жобалар budget.open-almaty.kz интернет-порталында жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін бір апта ішінде бағдарламаға тұрғындардан 248 өтініш келіп түскенін жазғанбыз.