Алматыда самокат тізгіндеген жігіт көлік жүргізушісіне бұрыш спрейін шашты

Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көлік жүргізушісі мен самокат тізгіндеген ер адамның арасында жанжал туды. 

Әлеуметтік желілерде көлік жүргізушісі мен электросамокат мінген ер адамның арасындағы жанжалдың бейнежазбасы тарап кетті.

Алдын ала болжам бойынша келіспеушілік көліктің бұрылу кезінде болған. Кадрларда самокаттағы адамның оқиға орнынан кетер алдында қалтасынан бұрыш спрейін шығарып, оны жүргізушіге шашып жатқанын көруге болады.

Алматы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бостандық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды анықтады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша екі тараптың да әрекетіне заңды түрде баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатын болады.

— Жолда кез келген агрессияға немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейді. Түсініспеушіліктер тек заң шеңберінде, арандатусыз және күш қолданбай шешілуі керек. Алматы полициясы көлік жүргізушілерін, автокөліктерден бастап самокат айдаушыларға дейін өзара сыйластық пен жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады, — деп атап өтті Бостандық полиция бөлімінің бастығы Дидар Аханов.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде самокат тізгіндегендерге қосымша шектеу әзірленетіні туралы жазған болатынбыз.