Алматыдағы жәрмеңкеге екі облыстың диқандары өз өнімдерін әкеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында демалыс күндері өтетін жәрмеңкеде апта сайын шамамен 700 тонна азық-түлік өнімі сатылады. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты жариялады.
Атап айтсақ, 340 тоннадан астам ет өнімдері, шамамен 280 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 40 тоннадан астамы сүт өнімдері және 40 тоннаға жуық азық-түлік пен тұздалған тағамдар. Күз басталғалы жәрмеңкеде Алматы мен Алматы облысы фермерлерінің жаңа егін өнімі ұсынылып отыр.
Жыл басынан бері қалада 316 жәрмеңке өткізілді, онда 330-дан астам фермер 1 000-нан астам өнім түрін ұсынған. Өнім ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен және қайта өңдеуші кәсіпорындардан делдалсыз жеткізіледі. Бұл нарық бағасынан төмен деңгейде саудалауға мүмкіндік береді.
Жәрмеңке әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00–ден 18:00–ге дейін өтеді.
Өтетін орындары:
- Алмалы ауданы — Масанчи көшесі, Гоголь және Әйтеке би көшелерінің арасы;
- Бостандық ауданы — «Қазақфильм» шағынауданы, Исиналиев көшесі;
- Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі, Абай даңғылынан төмен;
- Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары, Бектұров көшесінің қиылысы;
- Жетісу ауданы — «Құлагер» шағынауданы, Серіков көшесі, 2.
Апта сайын жәрмеңкеге 30 мыңнан астам адам келеді.
Демалыс күнгі жәрмеңкеден бөлек, жаңа егін өнімдері қаладағы сауда желілерінің сөрелерінде де қолжетімді бағамен ұсынылып отыр.
«Береке Fest» республикалық акциясы аясында сауда желілері қазақстандық өндірушілерге арналған арнайы аймақтар бөледі. Бұл өнімді нарық құнынан төмен бағамен сату, ішкі өндірісті қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы Астанадағы жәрмеңкеге 180 тонна өнім жеткізді.