Алматы қала күнін мерекелеуге дайындалуда

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қала күніне арналған бірқатар мерекелік шаралар өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қыркүйек айының үшінші аптасының демалыс күндері аталып келе жатқан қала күніне дайындықтар бүгіннен-ақ қызу басталып кетті. Жыл сайын бұл күні әр түрлі мерекелер аталып өтілетіндігі белгілі, бірақ биылғы жылы қала өз мерекесін ерекше атап өтпек.

Қыркүйектің 9-ы мен 11-і аралығында Республика сарайы жанындағы Абай алаңында тұңғыш рет "Оркестрлер шеруі" өтеді. Ашық аспан астындағы фестивальде әлемдік классикалық музыканың туындыларын белгілі алматылық оркестрлер орындайтын болады. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі, ҚР Үрлемелі аспаптар оркестрі, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Сонымен қатар, аталмыш шараға А. Жұбанов атындағы, К. Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқушылары, КСРО және ҚР халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Жанна Әубакирова, сондай-ақ, белгілі дирижерлар К. Ахметов, А. Беляков қатысады. Шеруді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі ашады.

Ал, «Сазген сазы» фольклорлық - этнографиялық ансамблі қала күніне орай жаңа мерекелік концерттік бағдарлама дайындап жатыр. Елімізге танымал ансамблдің мерекелік, әрі есеп беру концерті Абай атындағы опера және балет театрында қыркүйек айының 15-де өтеді.

Қыркүйектің 16-18 аралығында, Мемлекеттік қуыршақ театрында қазақтың бұрынғы «Ортеке» қуыршақ жанрын қайта жандандыруға бағытталған «Ортеке 2010» атты қуыршақ өнерінің халықаралық фестивалі өтпек.

Сонымен қатар, қыркүйектің 18-і күні ең басты шаралардың бірі болып табылатын, дәстүрге айналып үлгерген «Алматым жүрегімде» атты ән байқауы өтеді. Алматы туралы әндер шырқалатын байқау ҚР-ының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта өтеді. Бұл күні жас конкурсанттар мереке қонақтарымен және эстрада жұлдыздарымен бірлесіп ән айтады.

Қыркүйектің 19-ы күні «Астана» алаңында бірінші рет «Apple Fest» атты алма фестивалі өтеді. Оның мақсаты - Алматының атақты апортының мәні мен мағынасын арттыру және елімізде алма өсіру ісінің деңгейін жоғарылату. Шара барысында алманың таңдаулы сорттарының жәрмеңкесі, алмадан жасалған түрлі тәтті тағамдардан дәм тату ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мерекелік шара кейін дәстүрге енетін болады.

Мерекелік шара қазақ эстрада жұлдыздарының, КВН командасының, «Ортеке» қуыршақ театры халықаралық фестивалі финалистерінің қатысуымен өтетін үлкен концертпен жалғасады. Мереке аясында жыл сайынғы «Қазақстан Аруы - 2010» ұлттық сұлулық байқауы өтеді. «Астана» алаңында өтетін сұлулық байқауында еліміздің түрлі өңірінен келген арулар бақ сынасатын болады. Мерекелік шара отшашумен аяқталады.