Алматы облысы жол полициясы басқармасының қызметінде жүйелі кемшіліктер орын алып келген
Бұл туралы ІІМ Жол полициясы баспасөз қызметінен хабарланды.
Тексеріс барысында Алматы қаласы мен Алматы облыстарының Ішкі істер департаменттері жол полициясы басқармалары қызметтерін ұйымдастыруда елеулі, жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталған. Атап айтқанда, ІІМ бұйрықтары мен нұсқаулықтарының тиісті орындалуы қамтамасыз етілмей, оларды іске асыру бойынша жүйелі бақылау жүзеге асырылмай келген.
«ІІД-нің Жол полициясы басқармалары аудандық жол полициясының бөліністеріне тиісті әдістемелік және практикалық көмек көрсетпейді. ІІМ мен Бас прокуратураның талаптарына қарамастан, зардап шеккендері бар жол-көлік оқиғаларын есепке алу саласында ретке келтіру бойынша шаралар қабылданбаған. Жол полициясының құқық пайдалану қызметін ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер мен олқылықтар бар. ІІД-нің Жол полициясы басқармалары жазалаудан құтылмаушылық қағидасының орындалуын қамтамасыз етпейді», - делінген баспасөз айғағында.
Бұдан бөлек, көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде де заңнаманы бұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар тексеріс барысында Алматы қаласы ІІД Жол полициясы басқармасының басшылығы құрамының тарапынан жол полициясы жасақтарының қызмет өткеруіне бақылау жүргізілмейтіні де белгілі болды.
Алматы қаласы мен Алматы облысының ІІД ЖПБ-ның қызметін ұйымдастыруда көрсетілген кемшіліктер мен олқылықтар жол полициясы басқармалары басшылықтарының тарапынан тиісті бақылаудың болмауы мен жол полициясы бөліністеріндегі жауапты адамдардың функционалдық міндеттерін тиісті орындамауы нәтижесінде орын алған. Кешенді тексеріс нәтижесі бойынша жол полициясы бөліністерінің жауапты адамдары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар басшылар лауазымдарынан босатылды.