Алматы облысының аудандарында ондаған үйлерді су басып қалды

None
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат - Алматы облысының 5 ауданында қызылсу жүріп өтті, 76 тұрғын үйді су басып қалды. Жергілікті тұрғындар мен әскерилер қазір оқиға орнында құтқару шараларын жүргізуде,

деп хабарлады Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның мәліметтері бойынша, жауын-шашынның және қардың еруі салдарынан ақпанның 22-сінде сағат 07.30-ден 16.30 аралығында үй аулаларын су басып қалды. Көксу ауданының Мәмбет, Мұсабек, Алғабас ауылдарында, Іле ауданының Ақши ауылында, Ескелді ауданының Бақтыбай, Қарабұлақ ауылдарында, Ұйғыр ауданының Ұзынтам ауылында, Панфилов ауданының Жаркент қаласында, Көктал, Үшарал, Кіші сыған ауылдарында барлығы 76 тұрғын үйді су басып қалды.

Аталған ауылдарда төтенше оқиғаның салдарын жоюға жергілікті тұрғындар, құтқарушылар мен әскерилер жұмылдырылды. Панфилов ауданында төтенше оқиғаның салдарын жоюға №74261 әскери бөлімнің жеке құрамының 200 адамы, «Орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің 2 мотопомпасы, Жаркент коммуналдық шаруашылығының 4 техникасы және 974 жергілікті тұрғын атсалысуда.