Алматы сайлауға дайын - Қала бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Б. Доспанов
Бұл туралы бүгін Алматыда БАҚ өкілдеріне қаладағы сайлау учаскелерінің дайындығын таныстыру мақсатында өткізілген пресс-тур барысында Алматы қаласы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов мәлім етті.
Оның айтуынша, алдағы сайлаудың барынша жоғары деңгейде өтуі үшін барлық сайлау учаскелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. "Сайлауға миллион шақыру билеті дайындалды. Қазіргі уақытта ол шақыру билеттері аудандық учаскелер арқылы барлық үйлерге таратылды. Сайлау кезінде Алматы қаласы бойынша 470 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Оны 37 округ, 7 аудандық және 1 қалалық комиссия басқарады. Учаскелерде міндетті түрде тәуелсіз байқаушылар болады. Еліміз бойынша 700-ден аса байқаушы келсе, оның бестен бірі Алматыдағы сайлаудың өткізілу барысын тексеруге қатысады. Сондай-ақ әр жеті партиядан бір адамнан тәуелсіз сарапшылар сайлау жұмысын қадағалайтын болады. Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың саны - 960 мың, біз олардың сайлауға 70-75 пайызы келеді деген сенімдеміз",-деді ол.
Бірнеше сайлау учаскелерінде кемшіліктер де анықталған. "Кейбір учаскелерде тапсырыс кеш жасалғандықтан дауыс беру жәшігі дайын болмай шықты, ол қажетті заттар бүгін-ертең дайын болады. Бұл екінші тараптағы мәселе. Ең бастысы, сайлаушылардың тізімі дайын. Сондықтан Алматы қаласының сайлау учаскелері сайлауды өткізуге сақадай сай дайын",- деп атап өтті Бақытжан Доспанов.
Оның айтуынша, биыл Алматы қаласы бойынша 202 адам мәслихат депутаттығына ұсыныс берген. "Бұл үлкен көрсеткіш. Алдыңғы (2007 жылғы) сайлауда 165 үміткер өз өтінішін берген болатын. Онда 35 адам әр түрлі себептермен сайлауға түсе алмаса, биыл 92 адам сайлау додасынан алынып тасталды. Ең басты себеп, салықтық декларация. Биылғы сайлауда депутаттыққа өзін-өзі ұсынғандар мен партия атынан түскен үміткерлердің саны 50/50 пайыз болды",-деді Алматы қаласы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов.