Алматыда «2010 жылдың ең үздік экологиялық жобасы» атты байқау жарияланды

None
АЛМАТЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың тапсыруы бойынша 2009-2018 жылдары Алматы қаласында қоршаған ортаның залалдануын төмендету мақсатында жасалған Кешенді бағдарлама аясында қала әкімдігі «2010 жылдың ең үздік экологиялық жобасы» атты байқау жариялады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқау екі бағыт бойынша өтетін болады. Біріншісі - «Табиғатты қорғаудың үздік жобалары» деп аталады. Оған қала кәсіпорындары, ғалымдар мен өнертапқыштар қатысады. Олар үшін «Атмосфералық ауаны қорғаудың үздік жобасы, «Коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеудің үздік жобасы», «Су ресурстарын қорғаудың үздік жобасы» атты үш аталым қарастырылған. Бұл аталымдар бойынша өтініштер 2010 жылдың мамыр айының 1-не дейін қабылданады.

Екінші бағыт - «Қаланы көркейтудің үздік ландшафтық шешімдері» деп аталады. Мұнда да үш номинанция қарастырылған. Бірінші - «Аймақты көгалдандырудың үздік дизайнерлік шешімі» деп аталатын аталымға жасылдандыру мен ландшафт дизайнымен айналысатын ұйымдар қатыса алады. Бұған қатысушылар нақтылы учаскелерді жасылдандыру жобаларын ұсынулары қажет. Екінші «Алматы көшелері» деп аталатын аталым - қала аудандары арасында өтеді. Оған көшелерді әсемдеу, гүлмен көмкеру, үйлер фасадтарын безендіру кіреді. Ал үшінші аталым «Сүйікті аула» деп аталады. Бұған ЖПИК мен ПКСД-лар қатысады. Бұл байқауға қатысу үшін өтініш ағымдағы жылдың сәуір айының 1-не дейін қабылданады. Аталған байқаулардың қорытындысы екі кезеңде біріншісі - Қоршаған ортаны қорғау Бүкіләлемдік күнінде, екіншісі - Қала күнінде шығатын болады.

Байқау комиссиясының құрамына табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, ішкі саясат басқармасы, білім басқармасы, Балқаш-Алакөл экологиялық департаменті, сонымен қатар жоғары оқу орындары мен БАҚ өкілдері енеді.

Марапаттау рәсімі «Қала күні» мерекесінде өтетін болады. Байқау жеңімпаздары 1, 2, 3-інші дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.