Алматыда «2010 жылдың үздік экологиялық жобасы» байқауы өткізіледі

None
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында «2010 жылдың үздік экологиялық жобасы» байқауы жарияланады.

Бұл жайында Алматы қаласының экологиялық ахуалын сауықтыру мәселелері жөніндегі ведомстволық комиссияның бүгінгі отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында - экологиялық тәрбие мен білімге байланысты іс-шаралар жоспарының жобасы қарастырылып, осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жасау арқылы ғана қоршаған табиғи ортаны сақтау үшін алдыңғы және кейінгі ұрпақтың күшін біріктіру мүмкін екендігі айтылды.

Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы төрағасының орынбасары Марат Кесікбаевтың айтуынша, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылуда, бірақ жалпы экология мәселесінде тұрғындардың қатысуынсыз үлкен нәтижелерге қол жеткізу оңай емес. «Алматы қаласында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін жобаларға баға беру үшін «2010 жылдың үздік экологиялық жобасы» байқауын жариялап отырмыз», дейді ол.

Аталмыш байқау «Үздік табиғатты қорғау жобалары», «Қаланы көріктендіру бойынша үздік ландшафт шешімдері» атты бағытта және «Алматының көшелері», «Сүйікті аулам» сияқты бір қатар аталымдар бойынша өткізілмек.