Алматыда 320 орынды жаңа балабақша ашылды

None
АЛМАТЫ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматы қаласының Алатау ауданында жыл басынан бері ашылып отырған бұл үшінші балабақша. Бұл жайында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жаңа балабақшаның ашылу рәсімінде атап өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі аудан тұрғындарын қуанышты жағдайымен құттықтап, елімізде жыл сайын бала санының артып келе жатқанын және соған орай балабақшалар да салына беретіндігін жеткізді.

«Қазір қаланың дамуына көп көңіл бөлініп жатыр, соның бір дәлелі бүгінгі 320 балаға арналған жаңа балабақшаның ашылуы. Мұның салыну жұмысына үкімет қаржысынан 650 миллион теңге жұмсалды. Бұл ауданда әлі де осындай әлеуметтік нысандар салына береді», дейді А.Есімов.

Балабақша соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылып, барлық талаптарға сай жоғары технологиямен салынған. Сондай-ақ онда суды жылытуда жанармайды үнемдеу үшін арнайы күн энергиясын пайдаланатын батарея қойылған.

«Бүгін ауданымызда керемет зәулім балабақша бой көтеріп отыр. Бұл, әрине, ата-аналардың көптен күткен арманы еді. Осындай игі іске мұрындық болған Елбасымызға және осы істің басы-қасында жүрген ел азаматтарына мың да бір алғысымды айтқым келеді», дейді аудан тұрғыны Рашиба Манапқызы.