Алматыда «Абай» мұражай-кабинеті ашылады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлы Абай есімімен аталатын Қазақстандағы ең байырғы педагогикалық жоғары оқу орны 1928 жылы құрылған болатын. 1935 жылдан бастап Абай есімімен атала бастаған университетте 2008 жылы «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Оны белгілі абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов басқарады. Өткен жылы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өткен оқу орны соңғы жылдары ұлы тұлғаның рухани құндылықтарын ғылыми негіздеп, оны насихаттап халықтың игілігіне асыру және жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатымен көптеген игілікті істер атқарылуда. Студенттер арасында жүйелі түрде республикалық «Абай әлемі» фестивалі мен «Абайтану» дәрістерін өткізу қолға алынды. Енді жаңадан ашылғалы отырған «Абай» мұражай-кабинеті ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылық қызметінен ғана мәлімет беріп қоймай, оның адамзаттың Абайы ретіндегі рухани дүниесін танытатын ұлағатты ғылыми орталыққа айналады деп жоспарланып отыр.