Алматыда азық-түлік саласындағы айқын жетістіктерді сипаттайтын көрме өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азық-түлік саласындағы отандық тауар өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін көрсету, қауіпсіз, сапалы тағам өнімдерін алға тарту, жаңа қызмет түрлерімен таныстыру, отандық өнім өткізілімі нарығын кеңейту, ғылым мен өндіріс байланысын нығайту мақсатына арналған көрмені міндетті түрде жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Көрме тек ғана тұтынушыларымызға жаңа өнімдерімізді, жаңа технологияларымызды, қызмет түрлерін таныстырып ғана қоймай, көрмеден көрмеге дейін жеткен жетістіктерімізді, біздің және халықаралық нарықтағы жаңалықтармен бөлісуге, сондай-ақ тамақ және өңдеу өнеркәсібіндегі ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», деді Қазақстанның тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілер Одағының президенті, «Рахат» АҚ-ның президенті Анатолий Попелюшко. Оның айтуынша биылғы жылы, шілде айының 1-нен енгізілетін жаңа Кедендік кодекс, кәсіпкерлерге өзіндік жағымды жағымен, Ресей мен Беларустың нарығын игеруге, еркін сауда жасауға, нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілер одағының вице-президенті Нина Безрукованың айтуынша, көрме аясында өтетін "Қазақстан азық-түлік нарығы көшбасшысы 2010" байқауына 65 кәсіпорын қатысуға ұсыныс білдірген. «Өткен жылғы байқау қорытындысы бойынша біз өз өнімдеріміздің сапасы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын байқадық. Биыл байқауға ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар, сүт өнімдерін шығаратын компаниялар көп қатысайын деп жатыр. Ал, май өнімдерін шығаратын компаниялар өкінішке қарай аз. Соған қарағанда, олар нарықта өздерін сенімсіз ұстайтын сияқты», деді Нина Безрукова. Ол сонымен қатар, «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі бұл - денсаулық, халық өмірінің жоғары сапасы» атты дөңгелек үстел отырысына ресейліктер қатысуға ұсыныс білдірді, деді.
Дәстүрлі түрде қатысып келе жатқан Алматы технология және менеджмент колледжінің директоры Насымжан Оспанова: «Біздің студенттер бұл шараға жыл сайын қатысса да, әр жолғы қатысуымыздың маңызы зор», деп атап өтіп, «көрме біздің студенттерге тәжірибе жинақтауға, жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді, ал, әртүрлі өнімге арналған тақырыптар бойынша өтетін шеберлік - дәрістер мен кездесулердің пайдасы біз үшін өте көп», деді.