Алматыда «Бабалардың өшпес ерлігі және Қазақстанның кемел болашағы» атты республикалық конференция өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Бабалардың өшпес ерлігі және Қазақстанның кемел болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан конференцияда Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауының негізгі тұжырымдары және Жолдауда көрсетілген Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойын кешенді түрде атап өтудегі міндеттер, еліміздегі патриоттық тәрбиенің бүгінгі жағдайы мен ахуалы талқылануда.

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Батыр Бауыржанға тағзым» атты көрменің ашылу салтанатымен басталды. Көрмені ҚР еңбек сіңірген қайраткері, полковник Ким Серікбаев пен Ауғанстан соғыс ардагерлері қоғамы төрағасының орынбасары Бақытбек Смағұлов ашты.

«Бұл іс-шаралар халқымыздың қаһарманы, елдігімізд паш еткен Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етуге, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрметімізді көрсетуге арналған. Елбасы бұл орайда, Жолдауда «Ұлы Отан соғысының жеңісі - бұл барлығымыздың ортақ тарихымыз және бұл маңызды күн» деп атап өткен болатын. Біз сол негізде бүгінгі жиынды, әсіресе тәрбие саласындағы патриоттық мәселені көтеруге арнап отырмыз», деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Құдайберген Болатбаев. Оның айтуынша, еліміздің ЖОО-лары маман дайындаумен қатар, жастарымыздың патриоттық рухта тәрбиеленіп өсуіне мән беруі керек. Конференция барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскери қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, жазушылар Ұлы Жеңіс пен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері туралы сөз қозғады.

Конференция Қазақтың Мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының - 100 жылдық, Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдық мерейтойларына арналған «Бауыржан Момышұлының рухына тағзым» атты мәдени іс-шарамен жалғасады. Концерттік бағдарламада Бауыржан Момышұлының бейнесі сомдалып, сахналық қойылымдар көрсетіледі, сонымен қатар патриоттық әндер шырқалатын болады.