Алматыда БАҚ өкілдеріне сайлау учаскелерінің дайындық барысы таныстырылды

None
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -  Бүгін Алматыда аймақтық сайлау комиссиясы БАҚ өкілдерін қаладағы сайлау учаскелерінің ҚР Парламенті Мәжілісіне және жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауына дайындық барысымен таныстырды.

Пресс-тур барысында журналистерге Медеу, Әуезов және Алатау аудандарындағы сайлау учаскелерінің жұмысы мен дайындығы таныстырылып, сайлауды өткізуге арналған бөлмелердің жабдықталуы көрсетілді.  

№131-інші орта мектепте № 321 және 319-ыншы екі сайлау учаскесі орналасқан. Қазір онда 7 комиссия жұмыс істеуде. Екі учаскі де қажетті заттармен және техикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Учаскелер сайлауға 100 пайыз дайын», - деп атап өтті № 321-інші сайлау учаскесінің төрайымы Қалампыр Қарыпова.

Оның айтуынша, № 321-інші учаскіге 2 842 сайлаушы тіркелген. "Олардың 10-ы сайлау күні денсаулық жағдайына байланысты өз үйлерінден дауыс беретін болады. Барлық сайлаушыларға шақырту қағаздары таратылды. Әртүрлі себептермен тізімге ілінбей қалған тұрғындар болса, 15-і күні өздерімен үй кітабын және жеке куәлігін алып, дауыс берулеріне болады", - деді Қ. Қарыпова.