Алматыда Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған фотоальбом жарық көрді

None
АЛМАТЫ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтің 100 жылдығына арналған фотоальбом жарық көрді.

Аталмыш басылымының ресми тұсаукесері 2012 жылдың 5 қаңтарында болады.

Фотоальбом эксклюзивті басылым болып табылады. Оған бұған дейін еш жерде жарияланбаған отбасылық мұрағаттағы суреттер енген. Кітап беттерінен Дінмұхамед Қонаевтің ХХ ғасырдағы белгілі тарих тұлғаларымен және саясат қайраткерлерімен, сондай-ақ, жақын туыстарымен демалыс кездерінде түскен сирек суреттерді көруге болады. Сонымен қатар, фотоальбомнан қайраткердің соңғы жылдары тұрған үйінің суреті, марапаттары мен шетел мемлекет басшыларының берген сыйлықтары, оның жинаған қару-жарақ коллекцияларының фотосуреттері енгізілген.

Альбом "Халықтың мәңгілік жадында" деген бөліммен аяқталады. Оған Дінмұхамед Қонаевқа қойылған ескерткіштердің, ұлы тұлғаның құрметіне аталған мектеп, жоғарғы оқу орындары мен көшелердің суреттері, сондай-ақ, қылқалам шеберлерінің қайраткерге арнаған туындыларының суреттері енген.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы 1912 жылы қаңтардың 12-і күні Алматы қаласында өмірге келген. Кеңес жылдары 20 жылдан астам уақыт бойы республиканы басқарды.