Алматыда I Орталық Азия аумақтық медиафорумы өтеді

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда қыркүйектің 20-сы күні «Болашақ БАҚ - журналистер қолында» деген атпен I Орталық Азия аумақтық медиафорумы өтеді. Онда аймақ журналистерінің өзекті мәселелері талқыланбақ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны «Республика» газеті редакциясы мен Қазақстан Журналистер одағы, «Әділ сөз» тәуелсіз сарапшылар қоры қоғамдық ұйымы, «Интерньюс Казахстан», Қазақстандағы соғыс пен бейбітшілік репортаждары институты және Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Media Net халықаралық журналистика мектебі бірлесе ұйымдастыруда. Шараның өтуіне сонымен қатар, Freedom House Kazakhstan және Қазақстанның медиа альянсы қолдау көрсетуде.

«Қазіргі технология дамыған заманда журналистерімізде ең алдымен бәсекеге қабілеттілік қалыптастыру керек. Алда өткізгелі отырған ауқымды шараның басты көтеретін мәселесі де осы. Сол арқылы Орталық Азия журналистерінің өзекті мәселелері талқыланады. Медиафорум аясында журналистер үшін тренингтер мен шеберлік сабақтары өткізіледі», деді аумақтық медиафорумның үйлестірушісі Ирина Медникова.

Қазіргі таңдағы журналистер жұмысының ауқымы ұлғайып, сандық жүйедегі технологиялар кеңінен қолданылуда. Интернет, GPRS, MMS, RSS, Blutooth, ИК-порт және т.б. желілік байланыстар бүгінде оқырман мен журналистер арасында күнделікті қолданысқа түсіп отыр.

Медиафорум «Тянь-Шань» қонақүйінде өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумға қазақстандық медиа өкілдерімен бірге Ресей, Украина, Қырғызстан және басқа да шетелдік БАҚ өкілдері шақырылған. Сонымен бірге, Мәжіліс депутаттары мен билік өкілдері де қатысады деп күтілуде.