Алматыда «Қазақтың ханы – Абылай» атты кітап жарыққа шықты

None
АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -   Алматыда Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Қазақтың ханы - Абылай» атты 2 томдық кітап жарыққа шықты.

Кітаптың авторы - белгілі абылайтанушы,  М.Қ. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зарқын Сыздықұлы Тойшыбай.

Аталмыш кітап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ел-шежіре» қоғамдық қорынан 2000 данамен басып шығарылды.

Оған XVIII-ғасырдағы Қазақ хандығының тарихын, Абылай ханның кезеңін қамтитын 500-ден астам құжат пен материал жинақталған. Атап өтерлігі, басылымға қазақ тіліне аударылған 250 құжат тұңғыш рет ғылыми айналымға енді. Құжаттардың барлығына ғылыми түсініктер берілген.

Туындының ресми тұсаукесері 10 қаңтар күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтеді.