Алматыда «Наз» мемлекеттік би театрының концерті өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл астаналық өнер ұжымының Алматыдағы екінші концерті болмақ. Бұған дейін олар оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарына өз өнерін 2007 жылы көрсеткен болатын. Театрдың көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаева
1999 жылы мемлекеттiк филармония жанынан "Наз" халық биiнiң кәсiби ансамблi ретiнде құрылған театр бұған дейін Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң бас жүлдегері, Шара Жиенқұлова атындағы байқаудың тұңғыш жеңiмпазы және Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ Қытайда өткен халықаралық фестивалде «Алтын мүсiнше» сыйлығын иеленіп, Ресейдегі II Халықаралық хореографтар байқауының жүлдегері болды. Былтыр маусымның 17-сінде Асстанадағы Конгресс-холлда 10 жылдық мерейтойын «Болеро» деп аталатын жаңа қойылыммен атап өткен еді. Театр әртістері бұл уақыттың ішінде гастрольдік сапармен Түркия, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Болгария, Грекия, Катар, Бельгия, Голландия, Франция сияқты елдерде болып қайтты. Олардың репертуарындағы 50 хореографиялық қойылымның 30-ы қазақтың асық ойнау, қыз ұзату, той жасау, сәбидің тұсауын кесу тәрізді салт-дәстүрлерін бейнелейтін билер. Оның ішінде «Балбырауын», «Шернияз», «Махамбет», «Серпін», «Көшкеруен», «Желдірме», «Сарбаздар», «Жайлауда», «Шығыс», «Гопак», «Шашу», «Күйеулер», «Жаппас», «Көңіл ашар» және тағы басқа туындылар бар.