Алматыда «Шымбұлақ» тау курортында тау шаңғысынан Азия чемпионаты басталады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Чемпионатқа тау шаңғы спортының Азия Федерациясы құрамына енетін Азия мемлекеттерінің спортшылары: Қазақстан, Корея, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Индия, Пәкістан, Қытай, Жапония, Иран, Тай-пей, Моңғолия, Ливан, Гон-Конг, Непал елдерінің шаңғышылары қатысады. Олар наурыздың 1-інен Алматыға келуде.
Шара«2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің басқармасы» АҚ-ы, ҚР тау шаңғы спорт федерациясы, Туризм және спорт министрлігінің жанындағы спорт комитеті, Қазақстан Республикасының ұлттық олимпиада комитеті, Алматы қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен және Шаңғы спорты түрлерінің халықаралық федерациясы, Азияның тау шаңғы спорты федерациясы, Қазақстан Республикасының тау шаңғы спорты қауымдастығы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының қолдауымен өтеді.
«Жарыс Қазақстан Республикасында 2011 жылы өтетін VII Қысқы Азия ойындарының қарсаңында дайындық ретінде өткізіледі. Негізгі мақсат - Азия аймағында тау-шаңғы спортын дамыту болып табылады. Жарыста 1990-94 жылдары аралығында туылған жасөспірімдер бақтарын сынайды. Жарыстар халықаралық тау шаңғы ұйымы FIS бекіткен ережелерге сәйкес өтеді. Халықаралық дәрежеде өтетін жарысқа жасөспірімдер тау шаңғысын тебудің, слалом гигант (GS) , слалом (SL), супер-гигант (SG) түрлері бойынша сынға түсетін болады», деді Қазақстан тау шаңғы спорты федерациясының бас хатшысы Надежда Божко.
Чемпионаттың ашылу рәсімі ертең, наурыздың 3-і күні «Шымбұлақ» тау курортында өтеді.