Алматыда уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
Оны «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес кәсіпорындары - Жоғары технологиялар институты мен Таукен компаниясы бірігіп ұйымдастырып отыр. Бұл шараға биыл Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей , Украина, Франция, Германиян, Нидерландия, АҚШ, Жапония, Монғолия сияқты алыс-жақын шет елдерден 250-ден астам адам қатыспақшы. Конференция жұмысы - «Уран өндірудің және уран өнімін алудың технологиясы мен техникасы», «Ядролық-отын циклдарының технологиясы мен мәселелері», «Геология, қоршаған ортаны қорғау және өндіріс қауіпсіздігі мәселелері», «Атом өнеркәсібі үшін сирек және сирек жер элементтерін өндіру технологиясы», «Ядролық кешен қызметінің құқықтық, макроэкономикалық және білімдік жәйттары», «Атом энергетикасы және реактор жасау», «Энергияның қайта жаңару және балама көздері» деген тақырыптар бойынша жүреді.
Екі жылда бір рет өтетін бұл шара бұған дейін соңғы рет 2008 жылы 18-20 қыркүйекте Алматыда болған еді. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Жапония, Франция, Чехия, Германия және Австралия елінен 280-нен астам өндірісшілер мен ғалымдар және сарапшылар жиналған болатын. Онда: «Ядролық-отын айналымының технологиялары мен проблемалары», «Уран өндірісінің және уран өнімін алудың технологиялары», «Атом өнеркәсібіне арналған сирек элементтер өндірісінің технологиялары», «Геология, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері», «Атом энергетикасы және реактор құрылысы», «Ядролық кешен қызметінің құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері» сөз болды.