Алматыда заңсыз орнатылған тағы үш дүңгіршек бұзылды

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда стационарлық емес заңсыз сауда нысандарын бұзу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың келбетіне нұқсан келтіретін, жан-жағы абаттандырылмаған және тротуарлар мен жол учаскелеріне қоқыс тастайтын заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектілеріне шара қабылданып жатыр. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, «Орбита-4» шағын ауданындағы Мұстафин мен Біржан көшелерінің қиылысында заңсыз орнатылған үш дүңгіршек сүрілді.

«Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қызметкерлері дүңгіршіктердің сауда жасауға рұқсат құжаттарының жоқ екенін анықтады. Заңсыз орнатылған сауда нысандарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, содан кейін кәсіпкерлер объектілерді өздері сүре бастады. Меншік иелері өздері бұзбаса, заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандары мәжбүрлі түрде бұзылатын болады»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салсақ, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет «Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда нысандарын орнату ережелері» қабылданды. Онда стационарлық емес сауда нысандарын орнату тәртібі нақты айқындалған. Ережелермен толығырақ мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Бұған дейін мегаполисте дүңгіршектері бар жазғы дәмхананын бұзылып жатқаны туралы жазған болатынбыз.