Алматыға әлемнің ең үздік дзюдошылары жиналады
16:27, 04 Қаңтар 2012
АЛМАТЫ. 4 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 14 - 15 қаңтар күндері дзюдодан "Әлемдік шеберлер" (ТОР-16) халықаралық турнирі өтеді.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болатын бұл дүбірлі додаға 40-тан астам елдің спортшылары шақырылып отыр. Халықаралық дзюдо федерациясының қолдауымен биыл 3-рет ұйымдастырылып отырған бұл халықаралық турнирге әлемдік рейтингтің үздіктері ғана қатысады. Онда Лондонда өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін ұпайлар сарапқа салынады.
Жүлде қоры 200 мың АҚШ долларын құрайтын бұл байрақты бәсекеде жеңімпаз 6000 доллар мен әлемдік рейтингте 400 ұпайға ие болады. Күміс жүлдегер 4000 доллар мен 240 ұпайға, ал қола жүлдегерлер 2000 доллар мен 160 рейтингтік ұпайды өз қоржындарына салады.