Аляскада магнитудасы 7 балдық жер сілкінісі болды

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Аляска штатында магнитудасы 7 болатын жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) хабарлады.

Орталықтың мәліметінше, жерасты дүмпулерінің эпицентрі Якутат қаласынан 90 шақырым солтүстікке қарай орналасқан. Жерасты тербелісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте екені белгілі болды.

Фото: USGS

Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Бұл оқиға жер сілкіністерінің тізбегіндегі ықтимал негізгі дүмпу ретінде анықталды.

«Аляскадағы Якутат түбегінің маңында және АҚШ пен Канада шекарасы бойында болған магнитудасы 7 балдық жер сілкінісі Тынық мұхиты плитасы мен Солтүстік Америка плитасы арасындағы немесе оған жақын орналасқан плиталар шекарасындағы қиғаш бағытта сырғу салдарынан болды. Жер сілкінісінің механизмі Фэруэзер жарылысы аймағындағы жапсыра көтерілу мен оң жақты ығысу қозғалысының үйлесіміне сәйкес келеді», делінген USGS ресми хабарламасында.

Фэруэзер жарылысы — бұл аймақтағы плиталар шекарасындағы ірі жарылыс және Канада батыс жағалауының көп бөлігін бойлай созылып жатқан Шарлотта ханшайымы жарылысының солтүстік бөлігі саналады.

Жалпы, бұл плиталар шекарасы аймағында бұған дейін де күшті жер сілкіністері болған. Соның ішінде 1958 жылы Литуя шығанағында магнитудасы 7,8 жер сілкінісі болды (ол опырылу салдарынан қуатты цунами тудырған). Бұл аймақ өңір үшін айтарлықтай қауіпті болып саналады. 1950 жылдан бері 320 шақырым радиуста магнитудасы 6 және одан жоғары 16 жер сілкінісі тіркелген, оның ішінде 1979 жылы 6 желтоқсандағы жер сілкінісінің батысында орын алған магнитудасы 7,1 Маккарти жер сілкінісі бар. 1987 жылы Якутат блогының оңтүстік-батыс шетінде, Аляска шығанағында магнитудасы 7,9 болатын ығысу түріндегі жер сілкінісі болды.

Айта кетейік, кеше Тараз бен Шымкентте 2 баллдық жер сілкінісі сезілді. Жер сілкінісінің ошағы Өзбекстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 565 шақырым қашықтықта орналасқан.