«Аралас тілді балабақшаларға неге әуеспіз?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Самұрық-Қазына" Жылжымайтын мүлік қоры" АҚ-на тиесілі "Северное сияние" және "Изумрудный квартал" тұрғын үй-әкімшілік кешенін аралап көрді. Екеуі де Астанадағы құрылыс нысандарын аяқтаудың дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Өрнегімен мерей өсірген ғимараттар» деген мақаласында. «Астанамыздың ішінде жаңа тамаша ғимараттар іске қосылып жатыр. Мына "билеп" тұрған үш үйді көріп тұрсыздар, еліміздегі ең тамаша пәтерлер осының ішінде болайын деп тұр. Оның ішінде мыңнан аса пәтер болса, сонымен бірге, астында автокөлік қоятын жер мен дүкендер салынуда. Ал мына бульвардың бергі жағында Астанадағы ең биік 47 қабатты үй салынып, келер жылы бітетін болады. Сонымен, орталықтағы ең үлкен ғимараттар мен тұрғын үйлер, офистер бітіп, ары қарай елордамыз өз бағытымен өркендеп өсе береді, - деген Елбасы Астанадағы үлескерлер мәселесінің де өз шешімін тауып, салынып жатқан тұрғын үй кешендері жалға берілетіндігін және олардың жалға төлеген ақшалары кейін сол үйді сатып алу қаржысына қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ Президент мемлекеттік қызметкерлерге арналған мемлекеттік үйлер болатындығын да айтты», деп жазады басылым.
Қыркүйектің 3-і күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қытай Коммунистік Партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Орталық Комитеттің хатшысы әрі насихат бөлімінің жетекшісі Лю Юньшан бастаған Қытай Халық Республикасының делегациясын қабылдады. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кездесу барысында тараптар Астана мен Бейжің арасындағы екіжақты ықпалдастықтың барысын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және шекаралық аймақтағы ынтымақтастықтар мен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдар жөнінде пікір алмасылды. Соның ішінде Қырғыз Республикасындағы жағдай туралы әңгімелескен тараптар оның әлі де алаңдатушылық жағдайда екендігін атап өтті. Осы орайда Қанат Саудабаев Қырғызстандағы тұрақтылықты, экономикалық даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы көмектерді жан-жақты бірлестіру қажеттігін атап өтті. Мұның өзі жалпы аймақтағы тыныштықтың сақталуында маңызды рөл атқарады.
***
Ұлт жанашырлары Ұлт көшбасшысының тікелей бақылауында болады делінген жаңа тіл бағдарламасына үлкен үміт артып отыр. Кеше еліміздің бас қаласында осынау ұлт мүддесі тұрғысынан өмірлік маңызы бар құжат кең талқыға салынды. Осыған орай «Айқын» газетінің сенбілік санында «Терминком мүшелерін терминатор секілді көрудің қажеті жоқ» немесе тың игерілген далада тіл игеріле бастады» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Біраз мәселе билік тарапынан ашық айтылды. Мәселен, Тіл комитетінің төрағасы Б.Омаров бұл салада «күрмеуі көп мәселелер әлі де жеткілікті» екендігін айтты. Рас, ол «өткен онжылдық кезеңде бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгендігін» де қосты. «Солтүстіктің тілі сынды, - деді ол, - тілдік орта едәуір қазақыланды, шенеуніктер кәдімгідей сөз саптай алатын болды. Өзге ұлт өкілдері тіл игеруге барынша ықылас танытты. Қазақ мектептері мен балабақшалардың саны көбейді. Қазақша құжаттама тілі қалыптасты. Екі тілде, кейбірі үш тілде сөйлеп-жаза алатын жастар мемлекеттік қызметте де, ақпарат құралдарында да жиі бой көрсете бастады» дей келе, Бауыржан Омаров тіл саясатына деген көзқарас өзгергендігін нықтады», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, «Айқын» газетін қараңыз.
«Соңғы жеті айда сыбайлас жемқорлықтың салдарынан мемлекет қазынасына 3 млрд теңгеден астам шығын келтірілді. Бұл ақшаның 1,9 миллиарды тергеу барысында кері қайтарылды. Күні бүгінге дейін 1107 қылмыс тіркеліп, оның 986-сы сотқа жіберілді. Қылмыс жасағаны үшін 407 адам сотталды», деп жазады «Айқын» газеті «Жеті айда 3 миллиард теңге шығын келді» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Басылымның жазуынша, пара беру мен пара алу қылмысы өршімесе, азаймай тұр екен. Былтыр осы факті бойынша 276 қылмыстық іс қозғалса, биыл бұл көрсеткіш 322-ге жетіпті. Азаматтардың қызмет бабын теріс пайдалануы бойынша 170 қылмыскер құрықталса, тендерді «жеңдер» деп ұққан 225 адам анықталыпты. Олардың өңештерінен «байқаусызда» 714 миллион теңге өтіп кетіпті. Сұғанақтыққа салынғандардың жуан ортасында Астана қаласы тұрғын үй департаментінің бұрынғы бастығы Святослав Ногай жүр. Ол ескі үйлерді бұзуға қатысты жалған актілерге қол қойып, мемлекетке 64 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Қолымен істегенін мойнымен көтеретініне бас қатырып көрмеген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Сүлейменовтің де басына бұлт төніп тұрғанға ұқсайды.
Осы басылымның дәстүрге айналған «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ақын, С.Есенин атындағы «Алтын жұлдыз» иесі, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулетпен арадағы сұхбат «Ұлы Абайдың жұмбағы - қазақ жанының ұлттық құпиясы» деген тақырыппен басылды. Екеуара әңгіме барысында басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ақын «Бұрын қызылды заман болса, бүгін қыжылды заман. Қызыл азайып, қыжыл көбейді. Қазіргі күнде кімде қыжыл жоқ дейсің? Менде де бар. Бірақ ауыздықтап ұстаймын. Кейде бой бермей кетеді. Бой бермей, ақтарылып, өлеңіме кіріп алады. Бірақ қайсыбіреулер құсап бүкіл дүниеге қыжылмен қарай алмаймын. Түсімде болмаса, өңімде көрінгенге тіс қайрай беру табиғатымда жоқ», деп түйіндепті сұхбатын.
***
«Шпион», «тыңшы» деген сөздер кез келген қазақтың құлағына түрпідей тиеді. Халқымыздың осы бір ұғымды сонша жек көруінің негізгі себебі өткен ғасырдағы кеңестік өкіметтің зиялыларымызды «жапон шпионы», «қытай тыңшысы» деген жасанды жаламен ата бергені екені айтпаса да белгілі. Дегенмен жер бетінде тыңшылық пайда болғалы бұл ұғымның иелері дау-дамайлардың, қауіп-қатерлердің қақ ортасында жүретіндіктен ол қай елдің тұрғындары үшін болса да жағымды ассоциация бермейді. Кез келген мемлекеттік құрылым өз аумағында жат елдің шпиондары жүргенін қаламайды, ал өз тыңшылары шартарапты кезіп жүрсе де құба-құп көрер еді. Сондықтан да арғы-бергі тарихтың қойнауына көз жүгіртсек, шпиондық дау-дамайлар бір саябырлаған емес. Тіпті соңғы үш жыл барысында да бұл мәселе елмен елдің арасында көптеген дау -дамайлар туғызып, баспасөздерді шулатудан босамай келеді. Бұл мәселенің мән-жайына үңілгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетіндегі «Шпиондар дәуірі туып келе жатыр» атты мақалаға назар салыңыз.
Сыр жерінде «Бегім ана мұнарасы» деген көне ескерткіш бар. Ескі заманның көзіндей болған аталмыш мұра қаншама ғасырдан бері елдің елеулі орнына айналды. Ескерткіш Арал теңізінің маңайында орналасқан. Жол жүрген адам оны алыстан байқары сөзсіз. Өйткені көне жәдігердің салынуы да ерекше. Мұнара пішінді ескерткіш алыстан көзге түседі. Жергілікті жұрт Бегім сұлуды кіршіксіз тазалықтың белгісі санайды. Бегім сұлу - тарихта болған адам. Ал бүкіл ел-жұрт, кейінгі ұрпақ Бегім ананы не үшін құрмет тұтады? Бұл жөнінде егжей-тегжейлі оқып білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымның бүгінгі нөміріндегі «Аққуға айналған Бегім ана» деген мақалаға назар аударыңыз.
«Аралас тілді балабақшаларға неге әуеспіз?». «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, соңғы жылдары Алматыда аралас тілді балабақшалар санының артқаны байқалады. Қазақ, орыс және ағылшын тілін қатар меңгеруге деген сұраныс пен талап балабақшаларды «аралас тілді» ете бастады. Бұдан келіп, сәби алдымен өз ана тілінің кәусарына қануы керек деген қағида шет қалып барады. Ана тілі баланың рухани қазығы болған кезде ғана өзге білімдер мен тәрбиенің оған сіңімді болатыны есімізден шығып бара жатқандай. Сонымен, аралас тілді балабақшаларға неге әуес болып жүрміз? Бұл сауалдың жауабын басылымның сенбілік нөмірінен таба аласыздар.
***
«Елордада қыркүйектің 6-сы мен 10-ы аралығында жаңа туғаннан 6 жасқа дейінгі балаларға полиомиелитке қарсы қосымша жаппай екпе жасау жүргізіледі», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Қазіргі кезде астанада 6 жасқа дейінгі балалардың, яғни егілетіндердің саны 72588-ді құрайды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша осы жастағы балалардың бәрі де полиомиелитке қарсы егіліуі тиіс. Мамандардың айтуынша, полиомиелит емделмейді. Дегенмен, жоспар бойынша екпе жасау арқылы оның алдын алуға болады.
***
«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы жаңарту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мемлекеттік комиссия мүшелері электр энергиясы кешенін дамыту бойынша салалық бағдарламалар жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында әзірленетін Қазақстандағы тариф саясатын қарады.